Елордада өңірлерден келген өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білуден байқау өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білу байқауында тартысқа түсіп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті басқармасының басшысы Толқын Исакова мәлім етті.

«Тіл - татулық тірегі» республикалық байқауы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Атап айтқанда, бүгін Астанадағы ақтық сайысқа өңірлерде жеңімпаз болып танылған 16 адам келіп отыр. Сонымен қатар оларға жанкүйер ретінде өңірлерден 150-ге жуық арнайы делегат келді. Елордадағы қорытынды кезең екі күнге жалғасады, яғни бүгін «Мемлекеттік тілді білу - бұл...» деген тақырыпта үміткерлер эссе жазды. Ал ертең байқаудың екінші кезеңі аясында барлық үміткерлер өз өңірлерін таныстыру мен «Ой жарыс» сайысы бойынша сұрақтарға жауап береді»,-деді ол.

Сондай-ақ ертең қазылар алқасы қатысушылардың біліктілігін сараптап, марапаттау шарасы өтетін болады. Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай және ынталандыру сыйлықтары табысталады.

«Бұл жолы мемлекеттік тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметтегі, бюджеттік мекемедегі 18-30 жас аралығындағы жастарды қамтуға тырыстық. Байқауға түрлі саланың қызметкерлері қатысты»,-деді Т. Исакова.

Айта кетейік, байқауға Қазақстанда тұратын этнос өкілдері қатысты. Шараның мақсаты - өзге этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру. Байқау биылғы 12 қаңтарда аймақтарда басталды. Осы орайда үміткерлер өңірлік кезеңде «Тіл - татулық тірегі» тақырыбында бейнеролик сайысына қатысқан болатын.

Соңғы жаңалықтар