Елордада оқушылардың жолақы жеңілдігі тағы 15 күнге ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мектеп оқушыларына қоғамдық көліктің жол ақысына арналған жеңілдік 1 қазанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті ата-аналар! Қала басшылығы балалар үшін 40 теңге көлемінде бекітілген жол жүру ақысының мерзімін 2018 жылдың 1 қазанына дейін ұзартты. Балалар үшін картамен де, қолма қол төлеммен де жол жүру құны 2018 жылдың 1 қазанына дейін 40 теңге болып сақталады», - делінген «Астана ЛРТ» компаниясының фейсбуктегі хабарламасында.

Компания балалардың мектеп картасын жасатуға өтініш бермеген ата-аналарға бұл істі кейінге қалдырмауды сұрайды.

«Балалардың көліктік картасын жасатудың екі жолы бар. Біріншіден, «Астана LRT» ЖШС орталық кассасына келіп өтініш толтырып, одан әрі дайын картаны оқып жатқан мектептен алуға болады. Екіншіден, transcard.kz сайтына онлайн-өтінім жіберіп, одан әрі, дайын картаны орталық кассаға келіп алуға мүмкіндік бар. Бірінші мәрте картаны алу - тегін. Карта жоғалған жағдайда қайта қалпына келтіру 400 тенге», - делінген хабарламада.

«1 қазаннан бастап карта арқылы жол ақысын төлеген оқушылар үшін жол ақысы 40 теңге, ал қолма-қол төлеген оқушылар үшін 90 теңге болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне «Астана ЛРТ» компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Еске сала кетсек, бұған дейін де елордада оқушыларға қоғамдық көліктерде жүру ақысын қолма-қол 40 теңгеден төлеу 15 қыркүйекке дейін ұзартылған болатын.

Соңғы жаңалықтар