Елордада оқушыларды тамақтандырудан үнемделген ақшаға мектептерге ноутбук сатып алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астанада оқушыларды тамақтандырудан үнемделген қаражат мектептерге ноутбук сатып алып, бейнебақылау камераларын орнатуға жұмсалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім еткендей, елордада қазіргі уақытта 182 279 мың бала оқитын 117 мектеп бар. Оның ішінде 91-і мемлекеттік, 22-і жекеменшік, 1-уі республикалық физика-математика мектебі және 3-і Назарбаев Зияткерлік мектебі. Мектеп педагогтарының саны - 10302.

«Өздеріңіз білетіндей 4-ші тоқсан қашықтан оқыту жүйесімен басталды. Ол үшін онлайн режимде Google Classroom, Microsoft Teams, Google meet, Hangouts Meet, Zoom платформалары қолданылды. Kundelik, Daryn Online, Bilimland, what'sApp, Telegramm, Google Disc, электрондық пошта пайдаға жарады. Сондай-ақ «Балапан», «Ел арна» телеарналарының бейне-сабақтары пайдаланылуда. Қашықтан оқудың нәтижелігін арттыру мақсатында оқушылар мен педагогтардың компьютерлермен және интернет желісіне қолжетімділігіне мониторинг жүргізілді. Мектеп есебіндегі 7118 компьютер көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы 6500 оқушыға және қажеттілік танытқан 618 педагогке уақытша пайдалануға берілді», - деді Шолпан Қадырова бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуынша, қосымша 2 613 ноутбук және интернетпен қамтамасыз ету үшін 5 200 флеш-карта сатылып алынған.

«Бұл қаражат 1-4 сыныптардың тамақтануынан үнемдеу есебінен пайдаланылды. Сондай-ақ қалған сомасы бейнебақылауды қамтамасыз етуге бағытталды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар