Елордада нейрохирургтер сегізкөзге ерекше ота жасап, қатерлі ісікті алып тастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері сегізкөз өріміне ота жасап, ерекше ептілікпен құйымшаққа өскен қатерлі ісікті алып тастады. Құны 5 млн теңгеге жуықтайтын бұл ота МӘМС жүйесі бойынша жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалына сілтеме жасап.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ерекше отадан кейін науқас емін-еркін жүріп-тұра алады.

Бұрын мұндай жағдайда сегізкөзді нерв жүйелерімен қоса кесіп тастайтын.

Яғни ісікті алудың жалғыз жолы осы болған. Алайда ондай отадан кейін науқас арбаға таңылып қалатын.

Қала тұрғыны Гаухар Ахметова өткен жылдан бері белі ауырып, барлық тексеруден өтеді. Құйымшақ тұсындағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын қарастырады.

Түркия, Израиль елдеріндегі дәрігерлерге де хабарласады.

Ондағы дәрігерлер ота құны 50 мың еуро тұратынын, бірақ отадан кейін жүріп кететініне ешқандай кепілдік бере алмайтындарын айтқан.

Ойлана келе ол медициналық көмек алу үшін ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне жүгінеді.

Науқасты жан-жақты тексеруден өткізген мамандар ота жасау жолдарын ойластырады.

«Сегізкөздің ішінде кіші-үлкен дәретті, аяқтың қимыл-қозғалысын реттеп тұратын нерв жүйкелері орналасқан. Ал ол түгел алынса науқасқа өте ауыр болады. Біз жасаған отаның ерекшелігі - ісікті сегізкөзімен алып тастап, ішіндегі нерв жүйелерін сақтап қалдық», - деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Талғат Керімбаев.

Айта кетейік, МӘМС бойынша жасалған бұл отаның құны – 5 млн теңгеге жуық.

«Мықты мамандар бізде де бар екеніне көзім жетті. Шынымды айтсам, бұлай жүріп кетем деп ойламадым. Өзіміздің отандық дәрігерлердің ептілігіне, біліктілігіне бас идім. Айтар алғысым шексіз»- дейді Гаухар Ахметова.

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бұл отаны тағы бірнеше адамға жасап, аяғынан тұрғызған.

Енді ғылыми мақалалар жазып жариялау арқылы бұл ота жасау әдісін әлемдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр.

Жалпы, орталықта жылына 4 мыңнан астам ота жасалады, оның ішінде омыртқаға жасалатын ең күрделі операциялар да бар.


Соңғы жаңалықтар