Елордада мүгедектерге арналған жаңа құрылғылар таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Назарбаев университетінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа құрылғылар таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа прототиптер «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, «Тель-Авив университетінің Қазақстандағы достары» ЗТБ және Назарбаев университеті ұйымдастырған «PostTOM» мейкатондар қорытындысында (72 сағатта мәселенің шешімін табу) көрсетілді.

«Мейкатонның бірнеше кезеңі өтті. Бірінші кезеңде мүмкіндігі шектеулі жандар жиналып, күнделікті өмірде кездесетін қиындықтар туралы айтады. Соның нәтижесінде инженерлер, IT мамандары, оңалту мамандары университет алаңында өз жобаларын жүзеге асыру арқылы көмектесе алады. Олар бір уақытты белгілеп, жоспар құрады да, бір айдан кейін үш тәулікте (72 сағат) ойлаған жоспарды жүзеге асырады. Ұйымдастырушылар жобаға қажетті барлық материалдармен қамтамасыз етеді. Ал қатысушылар үш күнде дайын прототип ұсынуы тиіс. Егер командалар әрі қарай прототиптен өнім жасағысы келсе, барлығы «PostTOM» шарасына жиналуы тиіс. Бүгінгі жиында соңғы 2 жылдың нәтижесін көрсетіп, мемлекеттік органдарға, университеттер мен ауруханаларға, оңалту орталықтарына жаңа дүниелерді таныстырғымыз келеді, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін айтқымыз келеді», - деді «Тель-Авив университетінің Қазақстандағы достары» ЗТБ вице-президенті, шара ұйымдастырушысы Сәния Арапова.


Мейкатон қатысушылары арасында №37 физика-техникалық лицейдің оқушылары Әлихан Рахметов пен Әміржан Дулатов бар.

«Біз мүгедектер арбасын автоматтандыруға арналған әмбебап құрылғы жасадық. Оны «RemoteXY» мобильді қосымшасы арқылы кез келген арбаға қосып, еш сымсыз басқаруға болады», - деді олар.

Сонымен бірге, Қарағанды медициналық университетінен келген Павел Ивачев те өз жобасын таныстырды.

«біздің команда 2017 жылы құрылды және біздің командаласымыз ескі үйде тұратынын және үшінші қабатқа арбамен көтеріле алмайтынын айтты. Осылайша, мобильді-баспалдақ көтергішін жасап шығардық. Аккумуляторды қуаттап алған соң, бұл құрылғыға арбаны қойып, баспалдақта оңай қозғалуға болады. Бұл құрылғы 100 келіге дейінгі салмақты көтереді», - деді Павел Ивачев.


Соңғы жаңалықтар