Елордада мүгедек жолаушыны алмай кеткен автобус жүргізушісі жұмыстан босатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда мүгедектер арбасына таңылған жолаушыны алмай кеткен №51 автобустың жүргізушісі жұмысынан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№51 автобустың жүргізушісі автобусты тоқтатқан кезде мүгедек жолаушы үшін пандусты түсірмей кетіп қалған. Жолаушыдан осы оқиғаға байланысты шағым түсті. Бұл жайдан құлағдар болған №4 автопарктің басшысы аталмыш жүргізушінің ісін тәртіптік кеңесте қарап, оны жұмыстан босату туралы шешіп қабылдады», - деп хабарлайды «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Тәртіптік кеңесте №51 автобустың жүргізушісі өзінің кінәсін мойындаған.

«№4 автопарктің басшысы мұндай шағым түссе міндетті түрде жүргізушілерді жұмыстан шығару туралы шешім қабылданатынын айтты. Ал жұмыстан шығарылған жүргізуші бұған дейін №1 автопаркте еңбек еткен. Бұрын оның үстінен ешқандай шағым түспеген еді. №4 автопаркте екі ай ғана жұмыс істеді», - дейді Науат Азанбаева.

Соңғы жаңалықтар