Елордада мұғалімдер коронавирусқа қарсы ревакцинациядан белсенді өтуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық мектеп мұғалімдері қазір коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан өтуде. Педагогтар оқушылардың денсаулығын қорғау үшін, сондай-ақ дәстүрлі офлайн форматта оқуға қайта оралу үшін екпе алудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың барлық егу пунктерінде вакцинациямен қатар халықты COVID-19-ға қарсы ревакцинациялау да жүргізілуде.

Бірінші кезекте қайта вакцинаны халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар алады. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері, мұғалімдер және созылмалы ауруы бар осал топтардың азаматтары және т.б. бар.

«Біз бүгін әріптестерімізбен – білім басқармасының қызметкерлерімен, мектеп, қосымша білім беру нысандарының, мамандандырылған мектептердің басшыларымен ревакцинациядан өтіп жатырмыз. Біз мұғалімдерді ревакцинациядан өтуге шақырамыз. 17 қаңтардан бастап үшінші тоқсан онлайн режимде басталды, біз педагог ретінде балаларымыздың үйде қамалып, қашықтан экран арқылы білім алғанын қаламаймыз. Онлайн оқыту болған 1,5 жыл ішінде білім беру сапасының төмендегенін байқадық, бұл әсіресе балаларымыздың тәрбиесіне әсер етті. Сондықтан балалар мен ата-аналардың денсаулығын қорғау және жұқтырмау үшін мұғалімдер ревакцинациядан өтеді», - деді қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев.

Оның айтуынша, мұғалімдер үшін бірінші кезекте ревакцинациядан өту маңызды, өйткені денсаулықтан бөлек, бұл оқу процесіне де әсер етуі мүмкін. Мысалы, мұғалімде коронавирус анықталар болса, ол 14 күн бойы үй карантинінде болады, бұл оқу процесіне қосымша күш түсіреді.

«Әріптестерімді, мұғалімдерді, бүкіл қала тұрғындарын ревакцинациядан өтуге шақырамын. Соңғы күндері аурудың қатты күшейіп жатқанын көріп отырмыз. Біз мұғалімдердің ауруды жұқтырмағанын қалаймыз. 24 қаңтарда оқушылардың оффлайн форматта білім алуы үшін мектептер қайта ашылады. Бұл ретте 600-ден астам оқушыға арналған мектептерде офлайн оқыту 1-4 сынып оқушылары үшін ғана басталады, қалған балалар ата-аналарының өтініші бойынша мектепке барады. Бұл ретте жұмыс жүктемесі оқу орнының жобалық қуатының 50%-нан аспауы тиіс. Бүгінде барлық мектеп балаларды қабылдауға дайын», - деді Қасымхан Сенғазиев.

Елордалық №29 мектептің директоры Қарлығаш Досмағамбетованың айтуынша, мұғалімдер өз денсаулықтарын қорғап қана қоймай, оқушыларын вирустан қорғау үшін белсенді түрде ревакцинациядан өтуде. Педагог өз әріптестерімен бірге №2 қалалық емханаға бустерлік вакцина алу үшін келді.

«Біз, мұғалімдер, сондай-ақ балалар мен ата-аналар әрине, офлайн режим болғанын қалаймыз, өйткені бұл тиімді оқыту және жанды қарым-қатынас. Біз 24 қаңтарда мектебіміз қайта ашылатынына өте қуаныштымыз. Вакцинация және ревакцинация ең алдымен мектепте оқитын оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін қажет. Біз белсенді азамат ретінде алғашқылардың бірі болып вакцинацияладық, енді ревакцинацияға келдік. Менің ұжымда 113 мұғалім бар, 1 қыркүйекке дейін, яғни осы оқу жылының басында қызметкерлеріміз 100% вакцина алды. Қазір ревакцинациядан өтіп жатырмыз, 24 қаңтарға қарай барлық мұғалімдер вакцинаны қайтадан алады», - деді елордалық мектеп директоры.

«Ревакцинация басталды, сонымен қатар Pfizer препаратымен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерді, сондай-ақ босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерді 41 күннен бастап, сол сияқты 60 жастан асқан қарт адамдарды вакцинациялауды жалғастырамыз. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, созылмалы аурулары бар адамдар санаты, қарттар қайта вакцинацияланады. Азаматтар қандай препаратпен ревакцинацияланатынын таңдай алады. Қытайлық, қазақстандық вакциналар бар, сондай-ақ Спутник Лайтпен қайта вакцинациялаймыз. Емханамызда қызметкерлердің 90%-дан астамы ревакцинациядан өтті. Бұл шара денсаулықты сақтау және вирустан қорғану үшін қажет, сондықтан біз барлығын коронавирусқа қарсы вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырамыз», - деп атап өтті Майра Ахметова.



Соңғы жаңалықтар