Елордада мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қаласында елді жұмыспен қамтуға арналған 8 мобильді орталық ашпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Соның бірі қаладағы «Эталон» сауда-құрылыс орталығының жанына бой көтеріпті. Палата өкілдерінің айтуынша, еліміздің 3 қаласында дәл осындай 30 мобильді орталық жұмыс істейтін болады.

Базар, вокзал сияқты ел көп шоғырланатын орындарда ашылатын орталықтар таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс пен кәсіп іздеген адамдарды қабылдайтын болады. Орталық мамандары қолында дипломы болса да, мамандығына сай жұмыс таппай жүрген жандарды біліміне сәйкес жұмысқа орналастырып, жоғары білімі жоқ жандарды кәсіби оқу орталықтарына жолдайды. Ал бизнес ашқысы келгендер «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік қырларын меңгереді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев мұндай мобильді орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылып жатқанын айтады.

«Елордада 8, Алматыда 12, Шымкентте 10 орталық ашып отырмыз. Бұл орталықтың ең басты ерекшелігі жылжымалы етіп салынғанында. Егер орналасқан жерінде келушілер аз болса, адам көп өтетін басқа орынға апарып қоюға болады. Президент мобильді қызмет көрсету орталықтарын халықтың шоғырланған жерлеріне орнату туралы тапсырма бергенін білесіздер. Соған байланысты, «Еңбек» бағдарламасы арқылы қаражат бөліп, 3 қалада 30 орталық аштық. Мұнда негізінен жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтамасыз еткен тұлғалар көмек алатын болады», - дейді Эльдар Жұмағазиев.


Оның айтуына қарағанда, «Атамекен» палатасы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтің әлжуаз топтарына арналған базасы біріздендірілмек.

«Осында кірген азаматтың әуелі әлеуметтік статусын анықтаймыз. Егер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жоқ болса, сонда енгіземіз. Осыдан кейін барып ол кәсіпкерлік дағдысын анықтайтын тест тапсырады. Межелі ұпай алса, «Жас кәсіпкер» немесе «Бастау» бағдарламасы бойынша оқып, 500 мың теңгелік грантқа жоба ұсына алады. Ал кәсіпкерлікке ынтасы жоқ болса, арнайы білім алуына болады. Ондай білім беретін 50-ден астам орталығымыз бар. Ол орталықтарда оқытылатын мамандықтар тізімі жергілікті жердегі еңбек нарығына талдау жасау арқылы іріктеледі. Яғни, жұмыс берушілерге қажет мамандықтар оқытылады. Мамандыққа оқу барысында шәкіртақы төленеді. Ал оқуы аяқталған соң жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі», - деді палата өкілі.


Орталыққа жүгінген тұрғын тек кәсіпке жолдама алып қана қоймай, жеке тұлғалық қасиеттерін де дамыта алады.

«Келесі бір бөлме орталық көмегіне жүгінген адамның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту бойынша көмек көрсетеді. Азамат біздің мамандармен ақылдаса отырып, алдағы 2-3 жылға табысы мен әлеуметтік статусын, білімін көтеруге арналған жоспар құрады. Орталық өкілдері сол жоспарды орындауға жол сілтеп отырады», - деді «Атамекен» ҰКП өкілі.


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ақмәди Сарбасов мұндай орталықтар мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктерін халыққа жақындататынын атады.

«Халыққа белсенді қызмет көрсету форматы дәл уақытында ашылып отыр. Елді жұмыспен қамту, маман тапшылығын азайту, кәсіби бағдар сілтеу сияқты бірнеше қызметті бірдей атқаратын орталыққа министрлік те қолдау көрсетеді»' - делі вице-министр.


Соңғы жаңалықтар