Елордада «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсаукесері өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаяның тұсаукесері өтті.

6 бөлімді тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады.

Тарихи туындының мақсаты – Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын қызықты сюжеттік желі арқылы кеңінен насихаттау арқылы жастар бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыруға ықпал ету.

«Соңғы жылдары отандық телеарналарда ұлт руханиятының ұлы тұлғарын ұлықтауға арналған, тарихи тақырыптардан тамыр тартқан түрлі туындылар көрсетілуде. Мазмұндық әрі сапалық тұрғыда олардың көпшілігі талғампаз көрерменнің жоғары бағасына ие болып отыр. Бүгінгі «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы сол тағылымды үрдісті жалғап, өз үдесінен шығады деп сенемін. Жалпы, Міржақып Дулатұлының шығармашылық болмысын зерделеуде жасалып жатқан осындай үлкен ізденістер лайықты бағасын алуға тиіс», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбілдаева. Сценарий авторлары – Мұрат Есжан, ақын, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы және алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахман.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы және Қостанай облыстарында жүргізілген. «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері сағат 18:00-де эфирге шығады.


Соңғы жаңалықтар