Елордада «Мирас» халықаралық мектебінің 20 жылдығы аталып өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін бас қаладағы «Мирас» халықаралық мектебінің 20 жылдық мерейтойы тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін «Мирас» халықаралық мектебінің 20 жылдығын атап өтіп отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын бұл жер бос жатқан дала еді. Менің әлі есімде. 1999 жылдың ақпан айы, мектеп қабырғасын қалайтын күні өте суық болды. Аязбен қоса қатты жел тұрды. Сонда менің анам өзінің орамалын маған жапқан «жел өтіп кетпесін» деп. Ал әкем болса қолыма құрал мен цементті ұстатып, «Жаңа мектептің іргесі қаланды, одан әрі оның құрылысы мен ілгерілеуін саған тапсырамын» деді. Мен сол айтулы сәтте ата-анамның қатысып, қолдағанына қуаныштымын. Осыдан 20 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанда үлкен өзгерістер орын алып, дамудың алғашқы сатыларында едік. Сол кезден бастап біздің білім қоры еліміздің өркендеуі жолында көптеген мақсат-міндеттерді алға қойып, орындай білді. Бұл мектептің негізін қалауда отандық және шетелдік білім саласындағы жаңашылдық пен тәжірибе зерттеліп, нәтижесінде өзіміздің ерекше білім бағдарламамызды жасап шығардық. Осы жылдар аралығында «Мирас» халықаралық мектебінен талай білімді ұрпақ қанат қақты», - деді «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» қоғамдық қорының президенті Динара Құлыбаева.

Айтулы шара аясында оқушылар мен студенттердің STEM жобалары мен шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылған.

«Біздің мектептің алғашқы кірпішін 1999 жылдың ақпанында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Динара Құлыбаева қалаған. Сол жылдың тамыз айында мектеп пайдалануға берілді. Мектебіміз ашылған күннен, біздің алдымызға халықаралық тәжірибені меңгеру міндеті тұрды. Біз өз кезегімізде зерттеу жұмыстарын жүргізе келе, өзіндік білім беру бағдарламасын жасап шығардық. Алғаш ашылғанда 41 оқушы оқыса, қазіргі күні 400 бала білім алуда. «Мирас» - Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық мәртебеге ие болған мектеп. 2004 жылы біздің мектеп білім саласы бойынша халықаралық агенттіктің аккредитациясына ие болды. Дәл сол жылы халықаралық тұрғыда бакалавриат маманын дайындау құқығына ие болдық. Біз балаларды 2 жастан бастап қабылдаймыз. Яғни бізде балабақшадан бастап барлық буын сыныптарында оқу қарастырылған. 2012 жылы ресми түрде ҚР Үкіметінің қаулысымен бізге «халықаралық мектеп» деген мәртебе берілді», - дейді «Мирас» халықаралық мектебінің директоры Елена Хамитова.

Оның айтуынша, қазіргі күні аталған мектептің 62 түлегі, әлемнің 12 елінде жоғары білім алып жатыр.

«Тағы бір айтып өтетін жайт, біздің шетелде білім алған түлектеріміздің көбісі елімізге оралып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуда. Біздің мақсатымыз – білімді ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай, елге еңбек ететін жеке тұлға қалыптастыру. Түлектерге келсек, өткен жылы 12 оқушы қанат қақса, биыл 16 бала мектеп бітірмек. Барлығы 80 мұғалім жұмыс істейді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар