Елордада менингитке шалдыққан балалардың жағдайы айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Иран Шаметкенов менингитке шалдыққан екі баланың жағдайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№ 30 балабақшадан келіп түскен балалардың жағдайы тұрақты, денсаулығының нашарлауы байқалмайды. Олардың біреуі 7 қыркүйекте, ал екіншісі 8 қыркүйек күні ауруханаға түсті. Емді диагностикалау және емдеу тәртібіне сәйкес алып жатыр», - деді бас дәрігер.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде стационарда «Менингит» диагнозы бар 59 пациент тіркелді, оның ішінде вирустық менингит - 52 және бактериялық менингит - 7 адамда. Ем қабылдаушылардың жағдайы тұрақты.

Сонымен қатар, бас дәрігер қазіргі таңда емханаларда науқастарды дер кезінде анықтау және медициналық көмек көрсету мақсатында бас ауруы бар балаларды тексеріп-қарауды жүргізетін фильтр-кабинеттер жасақталғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласында балабақшаға баратын екі балдырғанда менингит инфекциясы анықталды. Осыған орай, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов қала тұрғындарына үндеу жариялаған болатын.

Бүгін елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мағрипа Ембергенова қалада менингитке шалдығу оқиғаларының тіркелуіне қатысты түсінік берді.





Соңғы жаңалықтар