Елордада «Менің атам - майдангер» атты мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық байқаудың қорытындысын жариялау салтанаты өтеді

None
None
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың № 17 мектеп-лицейінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Менің атам - майдангер» атты мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық байқаудың қорытындысын жариялау салтанаты өтеді.

Елордалық «Астана ақшамы» газетінің ұйымдастыруымен өткен байқауға Астана қаласындағы, сонымен қатар еліміздің басқа аймақтарындағы мектеп оқушыларынан 100-ге жуық шығарма келіп түскен. Әділқазылар алқасының қарауынан өткен 65 шығарма басылым бетіне жарияланды. Оқушылар қаламынан туған Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангер аталары туралы жазылған жүрекжарды шығармалардың 10-ы үздік танылып, оларға 1,2,3-ші дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ 4 шығарманың авторларына ынталандыру сыйлықтары беріледі.

«Менің атам - майдангер» байқауына келіп түскен үздік шығармалар жеке кітап болып жарық көрді. Олар қатысушылардың барлығына кәдесый ретінде тарту етіледі. Байқауға қатысушыларға жүлделерді Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жауынгер-интернационалистер салтанатты жағдайда табыстайды. Салтанат соңында қонақтар мен қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов атындағы мектеп-лицейдің «Даңқ» мұражайын тамашалайды.

Соңғы жаңалықтар