Елордада мектеп құрылысының қарқыны күшейтілмек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы үш ауысымды мектептерді жоюға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 17 мыңға жуық балаға материалдық көмек беріледі. Әр балаға 40 мың теңгеден бөлдік. Сонымен қатар, қоғамдық көлікте балалар тегін жүреді», - деді А. Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, кітап алуға 3 млрд теңге қаражат бөлінді. Оқу жылында 1 млн жаңа кітап таратылады.

«Қала аумағында мектептердің құрылысын қарқынды жүргізу мәселесі Президенттің бақылауында тұр. Үш бағыт бойынша, яғни мемлекеттік бюджет есебінен мектеп салуды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвеситициялар есебінен іске асырамыз. Алдағы уақытта мектеп құрылысының қарқынын күшейтуіміз керек. Бас жоспарда әр шағын ауданда, жаңа құрылыс нысандары салынып жатқан жерлерде салынатын мектептерді бекіттік», - деді әкім.

«Бұл бағыттағы жұмыстар қосымша орындарды қамтамасыз етуге, үш ауысымдағы мектептердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс тиісті деңгейде жүргізілмесе, мектептерге түсетін жүктеме арта түседі», - деді А. Көлгінов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елордада 11 мектептің құрылысы аяқталады.

Қалада үш ауысыммен істейтін 4, ал бала саны шамадан тыс көп 15 мектеп бар .

Алтай Көлгінов қаладағы ЖЭО-3 құрылысы бойынша мердігерге қатаң талаптар қойылғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар