Елордада мектеп асханаларын қаржыландыру сомасын көтеру ұсынылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева қаладағы мектептерде тамақтандыруға қаражат жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тамақтандыру құны 449 теңге (мектепте бір баланы күніне тамақтандыру құны) екенін ескерсек, бұл сома өсіп келе жатқан баланы қажетті дәрумендермен қамтамасыз ете алмайды. Соңғы екі жылда азық-түліктің қымбаттауын назарға алсақ, бөлінетін қаражаттың ең төмен көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында байқалып отыр», - деді А. Шағалтаева қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Айта кетейік, елордада бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысы Қасымхан Сенғазыев баланы күніне бір рет тамақтандыруға қарастырылған 449 теңге құны талаптарға сәйкес келмейтінін айтты.

«Осыған байланысты ас мәзірі талаптарға сәйкес келмей жатады. Бұл өз кезегінде тамақтану сапасына әсер етіп отыр. Тиісті есептеулерді жүргіздік. Қазіргі азық-түлік бағасына қарай, бір баланы тамақтандыру құны 750 теңгені құрап тұр. Өңірлер бойынша салыстырсақ, Алматы қаласында 700 теңге бөлініп отыр», - деді Қ. Сенғазыев.

Оның айтуынша, егер аталған сома 750 теңгеге жеткізілсе, қала бойынша 15 млрд теңге қаражат жұмсалуы керек болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысы балабақшаларда тамақтандыру тарифіне қатысты пікір білдірді.

А. Шағалтаева қаладағы мектептерге азық-түлік жеткізетіндерді тексеру нәтижесі туралы айтып берді.


Соңғы жаңалықтар