Елордада машина жасау саласындағы кәсіби стандарттарды әзірлеу мәселелері қаралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Ұлттық біліктілік кеңесінің «Машина жасау және металл өңдеу» саласындағы кәсіби стандарттарды әзірлеу бойынша көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Ұлттық кеңестің басты міндеті еңбек нарығы мен оқыту жүйесі арасындағы байланысты күшейтетін Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту екендігін айта келе: «Осы жылдың аяғына дейін экономиканың басым секторлары бойынша 36 салалық біліктілік шеңбері мен 480 кәсіби стандартты дамыту басым міндет болып белгіленді», - деді.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов іс-шараға қатысушыларды «Машина жасау және металл өңдеу» саласындағы кәсіби стандарттарды әзірлеу барысы туралы хабардар етті.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің техникалық және қаржылық қолдауымен іске асыратын Еңбек дағдыларын дамыту және жұмысқа ынталандыру жобасы аясында ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Қазақстандық машина жасау одағы «Машина жасау және металл өңдеу» саласында 2 салалық біліктілік шеңбері мен 26 кәсіби стандарт әзірлеу туралы келісімшартқа қол қойды. Салаға ауқымды талдау жасалды. Мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, салалық бірлестіктер, кәсіпорындар мен оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Машина жасау» және «Металл өңдеу» салалық біліктілік шеңбері әзірленді. Олар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы Машина жасау саласындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның отырысында мақұлданды», – деді вице-министр.

Осы орайда А. Ержанов жоғарыда аталған комиссия машина жасау және металл өңдеу саласындағы кәсіби стандарттардың санын 26-дан 46-ға дейін арттыруды ұсынғанын айтты.

Бердібек Сапарбаев әзірленген кәсіби стандартардың негізінде Білім және ғылым министрлігі тиісті оқу бағдарламаларын әзірлеуі тиістігін атап өтті.

«Осы кәсіби стандарттар негізінде Білім министрлігі қажетті оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын, бұл мамандықтарға талаптарды дайындауы тиіс. 2020-2021 оқу жылынан бастап осы мамандықтарды дайындау үшін қадамдар жасалуы қажет. Сондықтан бұл бағыттағы маңызды шараларды іске асыру керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Кеңесті қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев кәсіби стандарттарды әзірлеушілерге дайындалып жатқан осы кәсіби стандарттарда кәсіптердің қайталануына жол бермеуді жүктеді.

Сонымен қатар, биылғы 8 қарашаға дейін жұмыс берушілермен және білім беру мекемелерімен келісілген дайын кәсіби стандарттарды мемлекеттік органның салалық комиссиясының қарауына шығарғанға дейін «Ernst & Young» компаниясына сараптамаға ұсыну қажеттігі тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар