Елордада мәдениет және өнер саласының қызметкерлері ревакцина жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында өнер саласының қызметкерлері қайта вакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцина және ревакцина алу арқылы біз ұжымдық және жалпы қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға үлес қосамыз. Екпе алу әр адамның денсаулығы үшін маңызды. Қайта вакцина алуда өнер қызметкерлері неге белсенділік танытып жатыр дегенге келсек. Біз мәдениет ұйымдарының қызметі қайта жанданғанын қалаймыз, өйткені толыққанды жұмыс істегіміз келеді. Көрерменмен тікелей жүздесіп, өнерімізбен қуантқсақ дейміз. Театрлар мен концерт залдар қалың жұртты күтуде. Көпшілікпен өтетін шараларды сағындық. Өзім бұған дейін Hayat вакцинасын салдырғам, енді ревакцинаға Sinopharm-ды алғым келіп отыр», - деді қалалық мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов тілшілерге сұхбат бере тұрып.

Оның айтуынша, елордалық өнер саласының қызметкерлері ревакцинаны белсенді түрде алып жатыр.

«Мен коронавируспен ауырып шықтым. Қуанышқа орай, вакцина алуымның арқасында індет жеңіл өтті. Бас-аяғы бір аптаның ішінде жазылып шықтым. Вакцина алғанда да ешқандай кері әсер байқалмады. Індетпен қоғам болып күрессек оны жеңетінімізге сенімдімін», - дейді ол.

Осылайша қалалық №2 емханада өнер саласында еңбек ететін 50-ге жуық астаналық қызметкер ревакцина салдырды.

«Біз өнер адамдары барша халықты вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге шақырамыз. Себебі ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай коронавирусты жеңе алмаймыз. Жағдай реттелсе біздің жұмысымызда қалыпқа келеді. Гастрольге шығуға мүмкіндік туады. Індетпен күресуде әр адамның үлесі маңызды. Сондай-ақ, жеке бас қауіпсіздігі үшін де вакцина алған абзал. Мен Спутник V вакцинасын алғам, ревакцинаға да сол Спутник V немесе QazVac-ты таңдағым келіп отыр», - деді М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.


Соңғы жаңалықтар