Елордада «Қыз Жібектің» премьерасы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Номад театрында 1-2 ақпан күндері «Қыз Жібек» лиро-эпосының премьерасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылымның авторы – Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, режиссері – Дина Құнанбай.

«Қыз Жібек» лиро-эпостық дастаны - Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын әспеттеген қазақтың жақұт жырларының бірі. Қаншама ғасыр ел жадында сақталған жырдың 16 нұсқасы белгілі... Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының нұсқасы бойынша сахналанатын «Қыз Жібек» лиро-эпосында жырды жаңаша интерпретацияда тамашалай аласыздар. Спектакльде кейіпкерлердің ішкі күйін, жан тебіренісін, сезім иірімдеріне бұрынғыдан тереңірек үңілуге мүмкіндік туады», - делінген театр таратқан хабарламада.

Қойылым авторларының айтуынша, «Қыз Жібек» лиро-эпосы бұрынғы дәстүрлі қойылып жүрген спектакльдерден ерекше болмақ. Сахналану стилі, режиссерлік өзгеше оқылымы, қойылымның күтпеген шешімі дастанға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Спектакльде С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» поэмасы, композитор Еділ Құсайыновтың музыкасы қолданылады.


Соңғы жаңалықтар