Елордада қылмыскер бос сейфті ұрлап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жиһаз жасайтын цехтың әкімшісі сейф ұрланғаны жөнінде полицияға шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгісіз біреу есіктің құлпына кілт сәйкестендіріп цех ғимаратының ішіне кіріп, бағасы 50 мың теңге тұратын сейфті ұрлап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, ұрланған сейфтің ішінде ақша болмаған. Тек қана құжаттар сақталған.

«Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, анықтады. Ол бұрын сотталған 32 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ұсталған адамның айтуынша, ол цехқа кіріп, ішінде ақша бар деп ойлап сейфті ұрлап кеткен. Алайда үйіне келіп ашқан кезде оның ішінде түк те болмаған. Полиция қызметкерлері сейфті тәркілеп, иесіне қайтарды», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысты бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция тұрғындарға бағалы заттарын қараусыз қалдырмауды сұрайды, сондай-ақ шағын және орта бизнес объектілеріне күзет дабылын орнатуды ұсынады.

Соңғы жаңалықтар