Елордада қылмыс санының артуы байқалады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада есірткіге қатысты жағдай күрделі болып отыр. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, жедел жағдай тұрақты. Статистикаға сәйкес, қылмыстарды тіркеудің шамалы өсуі байқалады. Сонымен қатар, бұл қылмыстық жағдайдың асқынуымен байланысты емес. Қылмыс көрсеткіші өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Қабылданған іс-шаралар кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық және бұзақылық сияқты қылмыстардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, тонау, ұрлық, көлік ұрлығы және интернет-алаяқтықтың ашылуы жақсарды», - деді ол елорда мәслихатының отырысында.

Марат Төлебаевтың дерегінше, 146 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде 107 сату фактісі әшкереленді. Есірткінің 200-ден астам түрі тәркіленді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда жеті есе көп. Төрт есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, 66 есірткі сайты бұғатталды. Ұзақ мерзімді арнайы операцияны жүргізу барысында тұрақты арна жойылды. Елорда аумағында есірткі жеткізуді және сатуды жүзеге асыратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне жол берілмеді. Ұйымдастырушы, есірткіні негізгі жеткізуші және Жамбыл қылмыстық тобының бес мүшесі ұсталды. Заңсыз айналымнан 37 кг гашиш тәркіленді.

«Қабылданған іс-шаралар жеткіліксіз екенін түсінеміз. Қаладағы есірткі жағдайы күрделі болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыруға бар күшімізді саламыз. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар әзірленуде. Онда жоспарланған іс-шараларды іске асыруға қатысатын барлық субъектілердің жауапкершілігін арттыру көзделген», - деді елорданың бас полицейі.


Соңғы жаңалықтар