Елордада қылмыс саны азайды - Полиция департаменті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда аумағында жасалатын қылмыс саны азайып келеді. Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғосман Жакин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі 139-дан 136 қылмысқа дейін азайды. Зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық қылмыстарының саны төмендеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, тонау, интернет-алаяқтық, тонау сынды қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарды. 188 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткіні сатудың 142 фактісі бар», - деді ол Астана әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес отырысында.

Оның дерегінше, заңсыз айналымнан 254 келі әртүрлі есірткі заты алынды. Есірткі дайындаумен айналысқан 6 зертхана жойылып, оны жарнамалайтын 69 сайт бұғатталды.

«Елордаға есірткі жеткізудің тұрақты арнасы жойылып, қала аумағына оны жеткізуді және сатуды жүзеге асырған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тоқсауыл қойылды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы және 5 мүшесі ұсталды. 37 келіден астам гашиш тәркіленді», - деді Ғосман Жакин.


Соңғы жаңалықтар