Елордада күйші-ұстаз Айтжан Тоқтағанның мерейтойлық кеші өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана Опера» опера және балет театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы ғалым Айтжан Тоқтағанның «Күй – ғұмырым, ұстаздық – тұғырым» атты концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда 75 жасқа толған өнер иесіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты табыс етілді.

Жылы лебізін білдірген министр: «Ұлтымыздың қара домбырасының шебер орындаушысы әрі насихаттаушысы, ұстаз ретінде жарқын бастамаларды қолға алып, сәтті жалғастырып келесіз. Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Байсерке, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды Ұлы Дала дарындарының дәстүрлі жолын жалғастырып, талғампаз тыңдарманның жүрек төрінен орын алдыңыз», – деп ұстаз еңбегін атап өткен. ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов сөз сөйлеп, алғысын жеткізді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жолдаған құттықтауында Айтжан Есенұлының күй өнерінің биікке шарықтауына мол үлес қосып келе жатқаны, оны өңір жұртшылығы Құрманғазы мен Дина, Қали, Мәмен, Оқап сынды күй алыптарының заңды жалғасы деп танитынын және мақтан тұтатынын жазған.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаев: «Біз Айтжан ағаның шәкірттеріміз. Ол өмірін күйге арнаған адам. Қазақ күйін зерттеуді Ахмет Жұбанов бастаған болса, Айтжан аға – сол сара жолды жалғастырушы. Бүгінде музыка мектептері мен оқу орындарындағы мыңдаған шәкірт Айтжан Тоқтағанның кітаптарынан дәріс алуда. Бұл – ұстаздың баға жетпес еңбегі», – деді. Одан кейін қолына домбыра алып, Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтаудан келген Рухия Батыршева ұстазына жырдан шашу шашты және маңғыстаулықтардың сәлемі ретінде Сүгірдің термесін орындап берді.

«Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев Айтжан Есенұлының ғылымға терең ден қойып, ұлттық музыка саласын жан-жақты зерттеуге және халық композиторлары бастаған күй керуенін келешек ұрпаққа жеткізуге қомақты үлес қосқанына тоқталып өтті.

Күй мерекесіне айналған концертке арнайы келген шәкірттері кезек-кезек сахнаға көтерілді. Атап айтқанда, Жексенбек Нұржауов, Сәлім Ізтілеуов, Батыржан Мықтыбаев, Руслан Баймурзин, Талғат Оразаев, Мұрат Әбуғазы, Талап Хамзин, Бақытбек Қайралапов және басқа домбырашылар Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Әлікей, Дәулеткерей, Дина, Сүгір, Тоқа, Есжан, Мұқсиын т.б. композиторлардың туындыларын орындады. Сондай-ақ Болатхан Тәшімов, Марат Нүкеев, Данияр Байжұманов, Асылбек Кенегесов, Нұрбек Тапалов, Меруерт Юсбекова, Динара Нұрбаева, Нұркен Әшіровтер күй шертті.

Бүгінде ұстаздық қызметте жүрген қызы әрі шәкірті Айтолқын Тоқтаған да күй тартып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Домбырашылардан құралған «Қыздар тобы» мен «Серпер» ансамблі күй тартқанда, көрермендер бір желпініп қалды.

Концерт Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

А.Тоқтаған осы мәдени шараға атсалысқан барша азаматқа алғысын білдірді. «Шәкірттерім еліміздің әр өңірінен келді. Өнер жолында қол жеткізген атақ-абыройлары баршылық. Бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Бүгінгідей күрделі кезеңде осы концертке қауырт жұмыстарын тастап, келіп тұр. Құдіретті күйдің мәртебесін арттырды. Ұстаздық қызметтің бір ғанибеті – шәкірттердің сыйлайтыны! Мен көп жыл оқытушы болдым. Бір білетінім, мен әр шәкіртіме адалмын!», – деп толқи сөйледі.

Айта кету керек, Айтжан Есенұлы Тоқтаған 1946 жылы 5 қарашада Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келді. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі. Елу жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып келеді. Күй тарихын терең зерттеуші, бірнеше ғылыми еңбектер мен кітаптардың авторы. Соңғы жылдары ұлы күйшілеріміз Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек туралы көп томдық еңбектерін жарыққа шығарды.


Соңғы жаңалықтар