Елордада «Күй анасы – Дина» атты энциклопедиялық жинақ таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Достық үйінде әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Күй анасы – Дина» атты энциклопедиялық жинақтың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық домбыра күніне сәйкес өтіп отырған шараға қоғам қайраткерлері, домбырашылар және динатанушы ғалымдар қатысты.

Алматыдағы «Арыс» баспасы жарыққа шығарған, 23,5 баспа табақ кітап негізгі үш бөлімнен тұрады. Онда күйшінің өмір жолы туралы тың деректерді табуға болады. Дина Нұрпейісова туралы академик Ахмет Жұбановтың зерттеу еңбегі енген.

Басқа да зерттеуші ғалымдардың ғылыми мақалалары берілген. Дина күйлерінің ноталарын да осы жинақтан табуға болады.

Кітаптың таныстырылымын жүргізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанұлы кіріспе сөзінде жаңа жинақтың Дина өмірін зерттеушілер үшін баға жетпес құндылығын атап өтті.

Осы басқосуда белгілі қоғам қайраткерлері Сұлтан Оразалин, Серік Әбдірахманов, Ирак Елекеев, Мәди Артығалиев және академиктер Орақ Әлиев пен Кәрімбек Құрманәлиев сөз сөйлеп, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, халқына өшпес күй мұрасын қалдырған Дина Нұрпейісованың ерен еңбегі жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Танымал домбырашылар Орынбай Дүйсен мен Тұрар Әліпбаев жиналғандар алдында Динаның күйлерін орындап берді. Ақын, журналист Айбатыр Сейтақ дарынды өнер иесіне арналған өлеңін оқыды.

Басқосудың әсерлі сәті деп елорда іргесіндегі Қосшы кентінде жаңадан ашылған музыка мектебінде дәріс алып жүрген өнерлі балдырғандарға 10 домбыраның сыйға берілгенін айта кеткен жөн.

Сырдария университетінің президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев Д.Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай шеберлерге 10 домбыра жасатып, дарынды оқушыларға табыс етуін өтінген екен. Міне, сол бастама сәтті жүзеге асты.

Күйші туралы сыр шерткен «Ғасыр адам» атты деректі фильм көрсетілді.

Динаның шөбересі, педагогика ғылымдарының кандидаты, республикалық «Күй анасы» қорының директоры, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев осы игілікті шараға атсалысқан барша отандастарына ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Күй құдіреті» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 3 шілде күні елордада Дина Нұрпейісованың көрікті ескерткіші бой көтерді.


Соңғы жаңалықтар