Елордада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлер қашан тапсырылатыны нақтыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов үлескерлер қаражатына салынған тұрғын үй құрылысының жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Проблемасы бар үлестік құрылыс нысандарының пайда болуының екінші толқыны аясында елордада 52 нысанда 150 үй тіркелген еді. Бұл тұрғыда 16 мыңнан астам үлескер алданып қалды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылдан қазірге дейінгі кезеңде 120 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 14 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Қалған 30 үй 2023 жылы және 2024 жылдың басында аяқталады деп жоспарланған», - деді Д. Досқұлов Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, қазір қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссия аясында қаралған 10-нан астам нысан басқарманың бақылауында тұр. Бұл нысандар инвесторларды тарту арқылы салынып жатыр.

«Жақында қала әкімі аталған нысандардың барлығын аралап, жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар берді. Бұл нысандарды аяқтау жұмыстары жалғасып келеді», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, таяуда Астанада 300-ден астам үлескер бірнеше жылдан бері күтіп жүрген пәтерін алды.


Соңғы жаңалықтар