Елордада құрбандық шалатын орындар белгіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Құрбан айт мейрамы 11 тамызда басталады. Соған орай елорда әкімдігі құрбандық шалуға арналған орындарды бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Байқоңыр ауданында 4 орын белгіленген:

«Нұрбереке-555» ЖШС, Алаш тасжолы, 30 («Көк Базар»-дың артында);

Есжанова А. ЖК, «Жайлау», Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі;

«Шәушен» шаруа қожалығы, «Астана-Павлодар» трассасынығ 9-шақырымы;

«Темеш» шаруа қожалығы, «Нұр-Сұлтан – Софиевка» автожолының 7-шақырымы.

Ал елорданың қалған аудандарында бір-бір қасапқанадан жұмыс істейтін болады: Сарыарқа ауданында - «Ұлжан» әмбебап базары (бұрынғы «Саянұр» базары), Есіл ауданында - «Алтын-Таға» базары Қосшы ауылының алды, Алматы ауданында - «Метро» сауда үйі («Нұр-Сұлтан-Қарағанды» тасжолы).

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі 11 тамыз күні басталатынын хабарлаған болатын.

«Астрономиялық тұрғыдан Айдың тууы бейсенбі күніне, яғни 1 тамызға сәйкес келеді. Ал, 2 тамыз зулхиджа айының бірінші күні болып саналады. Арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін арапа күні ауыз бекіту – мұстахап (жағымды) амал. Әбу Қатадан жеткен хадисте: Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады делінген», - деді ҚР мұсылмандары діни басқармасынан.

Жағдайы бар мұсылманның құрбан шалуы – уəжіп (міндет). Құрбандық малы, яғни түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалынады.

Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж жандарға таратылады.

Үшкүндік Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні елімізде демалыс болып саналады.

Соңғы жаңалықтар