Елордада көру және сөйлеу қабілетінен айрылған балаларға арналған балабақша ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында көру және сөйлеу қабілетінен айрылған балаларға арналған 90 орындық балабақша ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні елордада ерекше күтімді талап ететін балалар үшін жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі 66,3% -ды құрайды немесе 63 балабақша. Сонымен қатар 3 арнайы балабақша және 26 балабақшада түрлі ауытқулары бар балаларға арналған 45-тен астам топ жұмыс істейді. Онда есту, сөйлеу, ақыл-ой кемістігі бар, психикалық дамуы тежелген, Даун синдромы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, аутистік спектрі бұзылған 1221 бала тәрбиеленуде. Одан бөлек, 45 балабақшада 300-ден астам баланы қамтитын инклюзивті білім беру топтары жұмыс істейді. Қала бойынша 13 балабақша мен 6 шағын орталықта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылған, соның нәтижесінде 275 бала тиісті маман көмегімен қамтылып отыр», - деді Шәкәрім Сейсенбай Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының жалпы отырысында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы елорданың бірнеше балабақшасында қолға алынған жаңа пилоттық жоба туралы айтты.

«Бүгінде қалалық № 34, № 89 балабақша базасында «Әрбір бала мектепке лайық» атты пилоттық жобасы басталды. Әзірге онда 10 бала қамтылып отыр. Сол секілді биыл 25 балабақшада 86 баланы қамтитын ерекше күтімді талап ететін (есту, сөйлеу, интеллект, психикалық дамуы тежелген, РАС және т.б.) балаларға арналған қосымша инклюзивті топтар құрылды. Және де көру және сөйлек қабілеті бұзылған 90 орынға арналған арнайы балабақша ашылды. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін барлық балабақшада инклюзивті топтарындағы ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау жоспарланып отыр», - дейді ол.

Бұған дейін елордалық білім басқармасының басшысы балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілетіні туралы айтылды.



Соңғы жаңалықтар