Елордада коронавируспен ауырған әйелдер үлесі жоғары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада коронавируспен ауырғандар арасында әйелдер үлесі жоғары болып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласында 13 наурыз бен 14 қазан аралығында COVID-19-дың 14 234 жағдайы тіркелді. Жас құрылымы бойынша COVID-19 жұқтырған 40-тан 65 жасқа дейінгі адамдар санының өсуі байқалады. Қазіргі уақытта коронавирус ауруы жағдайларын тіркеу жалғасуда. Тәулігіне 3-тен 20-ға дейін жағдай тіркеледі. Ерсектер арасында да, мектеп жасындағы балалар арасында да тіркелу бар. Соңғы 4 күнде репродуктивтілік саны бірден жоғары болып отыр. Бұл қаладағы карантин шараларын жеңілдетуге мүмкіндік бермейді. 9 айдың ішінде ауырған әйелдердің үлесі артып, 53 пайызға жетті», - деді ол.

Осы орайда департамент басшысы COVID-19 вирусының алдын алу үшін 2020 жылдың 13 қазанында Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің елордада шектеу шаралары мен карантин тәртібін күшейту туралы №243 жаңа қаулысы шыққанын айтты.

«Аталған қаулыға сәйкес, бизнес-орталықтар жұмыс және демалыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қызмет етеді. Демалыс күндері оларда орналасқан азық-түлік емес тауарлар мен заттар сататын дүңгіршектердің (бөлімдердің) жұмысына тыйым салынады. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысы орналасқан жеріне қарамастан сағат 22:00-ге дейін белгіленеді», - деді Зекен Ысқақов.


Соңғы жаңалықтар