Елордада коронавирусқа байланысты балалардың 80 пайызы балабақшаға бармаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мектепке дейінгі мекеме басшыларының мәліметінше, балабақшаға бармаған балалардың үлесі 79,9%-ды құрап отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде елде енгізілген төтенше жағдай бойынша ҚР Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы балабақшалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Балабақшада жұмыс істейтіндердің жалақысы толығымен сақталады. Балалардың балабақшаға келу тәртібі еркін болады. Балабақшаға балалар аз келген жағдайда олар шағын топқа біріктіріледі. Педагогтар сағаттық жүктемені сақтай отырып, әдістемелік іспен айналыса алады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Ол инфекцияның таралуына жол бермеу үшін профилактикалық шаралар күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын айтты.

«Медициналық қызметкерлер күн сайын таңертең балалардың дене қызуын өлшеп, ауру белгілері бар-жоғын тексеруде. Дезинфекция жасайтын заттар жеткілікті. Ата-аналарға әртүрлі инфекцияның алдын алу үшін балаларын үйде ұстауды ұсынамыз. Балабақшаға бармаған балалардың орны сақталады. Мектепке дейінгі мекеме басшыларының мәліметінше, балабақшаға бармаған балалардың үлесі 79,9%-ды құрап отыр», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар