Елордада көрнекті түрколог Ә.Тенишевтің 100 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында көрнекті түрколог, түркі тіл білімі саласының білгірі Ә. Тенишевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Әдһәм Тенишев – түркі тіл білімінің сардары» атты халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Ыстанбұл университетінің профессоры Осман Фикри Серткая, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д. Анна Дыбо, Назарбаев университтетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы, РФ Ғылым академиясының Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының директоры Фирдауси Хисамитдинова, танымал қырғыз түркологы Қадыралы Конкобаев, Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, доктор Фарид Хакимзянов, «Қазақ тілі» халықаралық қорының президенті Ерден Қажыбек, Кеңес (Ресей) түркологтар комитетінің бұрынғы төрағасы Тофик Меликли, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің профессоры Валерий Махрипов, сондай-ақ түркі елдерінің танымал ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Онлайн форматта өткен конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, белгілі түрколог Э.Р.Тенишевтің түркі әлеміне сіңірген еңбегі туралы баяндап берді.

«Ә.Р. Тенишевтің 100 жылдығы – бұл шын мәнінде атаулы күн, ол бір адамның өмірінде қажыр-қайратымен қаншалықты еңбек ете алатындығын еске салады. Ұлы адамдардың өмірбаянынан ұлттық тарихтың қаңқасы қалыптасады. Сонымен қатар, Ә. Р. Тенишев сияқты тұлғалар күллі адамзатқа тиесілі. Ғылым ұлттық шекараны білмейді», — деді Академия басшысы.

Конференция барысында Э.Р.Тенишевтің әріптестері мен шәкірттері оның еңбек жолы мен мұрасы туралы, сондай-ақ ғалымның салған сара жолымен қазіргі таңда жалғасын тауып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айта кету керек, Ә.Р. Тенишев кеңестік және ресейлік лингвист-түрколог, моңғолтанушы. Филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі. РҒА тіл білімі институтының орал-алтай тілдері бөлімінің меңгерушісі болды. «Советская тюркология» журналының және «Түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы» көп томдық басылымының бас редакторы болып жемісті қызмет етті. Ол көне ұйғыр, салар, сарығ-югур тілдері мен ұйғыр диалектілері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізіп, артына 60-тан астан ғылыми еңбек қалдырды. Олардың қатарында «Көне түркі сөздігі» де бар.

Айта кету керек, бұл сөздік 2016 жылы Академия тарапынан толықтырылып қайта басылып шықты.


Соңғы жаңалықтар