Елордада көркем галерея ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында биыл күзде жаңа көркем галерея ашылады. Өнер ордасын танымал суретші, галерист, «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторы Лейла Махат жетекшілік етпек, деп ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік сарайында көркем галерея ашу идеясы туралы Astana Venue Management компаниясының басшысы Мәлік Хасенов мәлім етті.

«Көркем галереяның ашылуы биыл қыркүйек айына жоспарланып отыр. Оған қатысты қала әкімі Алтай Көлгінов пен Лейла Махат кездесу де өткізді. Бұл өнер әлеміндегі айтулы оқиға болмақ. Бүгінде елордада картина галереясы жоқ. Осы орайда өнердің бұл түрін қолдауда галерея ашу үлкен қадам болмақ. Сондай-ақ, тұрақты көрмелер де ұйымдастырылмақ», - деді М. Хасенов.

Жаңа өнер залына жетекшілік ететін Лейла Махат оның тұжырымдамасын ойластырып қойғанын айтты.

«Галереяның жай ғана көрме өткізетін кеңістік болғанын қаламаймыз. Оның интерактивті болғаны жөн. Үлкен өнер залында картиналардың ілініп, инсталляция қойылғанын көрген келушілер өздерін соның бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс. Сол үшін де көрермендермен қарым-қатынас орнату мақсатында біз түрлі формадағы студияларды ойластыратын боламыз. Өнер ол жай ғана қарай салатын нысан емес, ол адамның ажырамас бөлігі. Одан бөлек, шеберлік сабағын да өткізу жоспарда бар. Адамды өнерге бала күнінен баулыған жөн, ерте баулыса оның нәтижесін де ертерек көруге болады», - дейді ол.

Бұған дейін елордадағы Тәуелсіздік сарайында балалар мен жастарға арналған дамыту орталығы ашылғанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар