Елордада көпқабатты үй өртеніп, екі адам зардап шекті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үйден 12 адамды құтқарып, 25 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, 13 қыркүйекте сағат 07:30-да Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері Бұқарбай батыр көшесіне шақыру бойынша шыққан.

Құтқарушылар жеткен кезде көпқабатты үйдің кіреберісінен қатты түтін шығып жатқан. Сол себепті тұрғындар дереу эвакуациялана бастаған.

«25 адам, оның ішінде 6 бала эвакуацияланды, 12 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Қаза болғандар жоқ. Улы газдан уланған 81 жастағы әйел №1 қалалық ауруханаға және 16 жастағы қыз №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді», - деді ТЖД-дан.

Өрт ас үйден шыққан. Жалын сағат 07.49-да ауыздықталған. Оқиғаның алдын ала себебі – отты абайсыз пайдалану.


Осы ретте, Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД өрт қауіпсіздігін сақтау қажеттігін ескертеді:

- үйден шыққан кезде барлық электр және жылыту құрылғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;

- стандартты емес, қолдан жасалған және ақауы бар электр жылыту құралдарын қолданбаңыз;

- зақымдалған розеткаларды пайдаланбаңыз;

- сіріңкелер мен от тұтандыру құралдарын балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыз, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

- үйде жанғыш сұйықтықтар мен жарылғыш заттарды сақтамаңыз;

- балкондар мен лоджияларды жанғыш материалдармен, ескі жиһаздармен толтырмаңыз;

- төсекте темекі шекпеңіз;


Соңғы жаңалықтар