Елордада көпбалалы отбасыға арендалық баспана қанша жылға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов «Берекелі баспана» бағдарламасын кеңірек түсіндірді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

«Көпбалалы аналар мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бүгін бірінші кезеңді бастадық. Көпбалалы аналардың баспана мәселесі екі жағдай бойынша шешілуі керек еді: жалдамалы үйге сертификат беру және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2 пайызбен несиеге баспана сату. Несиелік баспана бойынша бағдарлама ережесі бекітілді, бірақ банктің ішкі құжаттары дайын емес. Біздің есебімізше, бұл бағдарлама 17 маусым мен шілденің басында іске қосылуы керек. 2% несиелік баспана алатын отбасы табысын көрсетуі тиіс. Оған алғашқы 10 пайыз жарна болмаған жағдайда әкімдіктен 1 млн теңге көлемінде көмек алуға болады. Биыл әкімдік тарапынан 1 млн теңгелік 1 мың сертификат әзірленді», - деп атап өтті Е. Қаналимов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Арендалық баспана бойынша биыл көпбалалы отбасыларға 928 пәтер қарастырылған. Бірінші кезеңде соның 150-і кезек басында тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Одан бөлек, қосымша 400 арендалдық баспана өзге де аз қамтылған отбасыларға бөлінген.

«Бұл сертификатта арендалық баспананың мекенжайы, берілген күні көрсетіледі. Бірінші кезеңде 15 шілдеден 1 тамызға дейін азаматтар өз үйлеруіне кіруі керек. Олар әкімдіктің тұрғын үй қорымен бес жылға келісімшарт жасайды. Бұл келісімшартты әрі қарай созуға болады. Яғни, ешкім бес жылдан кейін қуылмайды. Созу үшін қайта құжат тапсыру керек, ол үшін тұрғындардың атында өзге баспана болмауы тиіс», - деп түсіндірді әкім орынбасары.

Айта кетейік, елордалық «Берекелі баспана» бағдарламасы аясында «Көпбалалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 150 пәтерге сертификат беру басталды.

«Көпбалалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрғандар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев көшесі 39) жүгінуі тиіс (байланыс нөмірі: 79-34-50).

Бүгінде елордада 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3 мыңнан астамы - көпбалалы отбасы.

Соңғы жаңалықтар