Елордада көпбалалы аналардың тегін жүру құқығы сақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында көпбалалы аналардың тегін жүру құқығы сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат сілтеме Елорда инфоға сілтеме жасап.

Биыл елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бірыңғай жәрдемақыға біріктірілді. Осыған байланысты қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген Астанадағы жекелеген санаттарға жататын азаматтарды қалада қатынайтын жолаушылар көлігінде жолақыдан босатуды реттейтін әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған. 

Бұған қоса, бұл іске тікелей жауапты Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының атауы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы болып өзгерді. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Артем Әбілдинов қалалық Қоғамдық кеңес отырысында тиісті өзгерістермен таныстырды.

«Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның қаулысына сәйкес біздің басқармаға мүмкіндігі шектеулі балаларды алып жүретін адамдарға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүмкіндік жасау мәселесін зерттеу ұсынылды. Осыған орай, соның ішінде мүгедек баланың әкесіне немесе анасына (қамқоршысына) тегін жүру құқығын беру ұсынылады», - деді баяндамашы.

Оның айтуынша, қалалық бағдарларда көпбалалы аналардың тегін жүру құқығы сақталады. Ол үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ. Өтемақы ретінде бөлініп отырған 1,3 млрд теңге толығымен жетеді. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің сөзінше, аталмыш басқармаға ата-аналардан балабақшаға баратын балаларға ақылы негізде қосымша қызметтер ұсыну туралы тілек түскен.

«Біз ата-аналармен бірнеше рет кездесу өткіздік. Нақты қандай қызметтер қажет, бағасы қандай болуы керек, соның бәрін есептеп шығардық. Қорытындысында тиісті жобаны әзірледік. Бұл жобаға тегін көрсетілетін қызметтердің стандартына кірмейтін қосымша ақылы қызметтер енгізілді. Қазір көп бала жекеменшік орталықтарға баруға мәжбүр. Ата-аналарға бұл тиімді бола бермейді. Біз мектепалды мекемелердің базасында қосымша ақылы қызметтерді ұсынуды бастамақсыз. Олардың бағасы да қолжетімді болады. Бұл жоба балабақшаларға да пайда әкеледі. Сол арқылы қосымша қаржы түсіп, балабақша қызметкерлеріне, тәрбиешілерге жалақыны өсіруге мүмкіндік туады», - деді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар