Елордада компания «Еуропаға жұмысқа тұрғызамыз» деп алдап, 70 адамның ақшасын қалтаға басқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің тергеу басқармасы 70 азаматтың арызы бойынша «AS Senim Business Group» ЖШС басшысына қатысты соталды тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті Еуроодақ елдеріне азаматтарды жұмысқа тұрғызамын деп ақша жымқырған.

Компанияның 2019 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтарға Дания, Норвегия, Нидерланды, Германия және басқа Еуропа елдеріне жұмысқа тұрғызуға ұсыныс жасағаны анықталды.

Қазақстан азаматтары Еуроодақ елдеріне ресми жұмысқа тұру мүмкіндігі туралы естігеннен кейін ЖШС-ға жүгінген.

Компания электрші, пісіруші, сылақшы, тігінші, тас қалаушы мамандықтары бойынша еңбек келісімшартын ұсынып отырған.

Алайда компания өзінің міндеттерін орындамаған, бір де бір азаматты жұмысқа тұрғызбаған.

2020 жылдың қазанында Тергеу комитеті аса ірі сомадағы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

2020 жылдың қарашасынан бастап қылмыстық жауапкершіліктен шетелде жасырынып жүрген күдікті халықарылық іздеуге салынды.

«AS Senim Business Group» ЖШС заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің тергеу комитетіне Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайы немесе 7 (7172) 71-62-22, +7 771 060 0900, 102 нөмірлері бойынша жүгіне алады.


Соңғы жаңалықтар