Елордада қолөнершілерді дайындау орталығын ашу жоспарланып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада туризм саласында MICE-менеджер, Event-менеджер, гидтер, қолөнершілер керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде туризм саласындағы жағдай қиындаған болатын. Жалпы дүниежүзі бойынша туристер саны 70 пайызға азайған еді. Қазіргі кезде жағдай тұрақтанып, әуе рейстері мен туристер саны артып келеді. Елордада MICE-туризмнің орны бөлек, яғни түрлі форумдар, бизнес туризм бағытында жұмыс істемекпіз. Дегенмен, осы салалаларда кадр тапшылығы сезіліп отыр. Сондықтан кадр даярлау мақсатында бүгін сала мамандарымен кеңеспекпіз», - деді Е. Балтаев Astana Polytechnic жоғары колледжінде туризм саласын дамыту тақырыбына арналған жиында.

Оның айтуынша, әлемде туризм саласы жұмыс орнын құруда қаражатты аз талап ететін индустрия болып отыр.

«Осы орайда жаңа мамандықтарды енгізу жоспарымызда бар. MICE-менеджер, Event-менеджер, гидтер, қолөнершілер керек. Қолөнерді жоғары табыс көзіне айналдыруға болады. Туристер елімізге сапарлап келгенде ұлттық ерекшелігі бар заттарды сатып алуға тырысады. Болашақта қолөнершілерді дайындау орталығын ашсақ деген жоспарымыз бар», - деді басқарма басшысы.

Е. Балтаевтың сөзіне қарағанда, елордада 5 ЖОО мен 11 колледж туризм бойынша маман даярлап жатыр.

Қазіргі кезде осы оқу орындарында 2800-ге жуық студент білім алып жүр. Биыл 600-ге жуығы оқу орнын тәмамдайды.

«Олардың қазіргі мамандықтары жалпы туризм, қонақ үй менеджменті, мейрамхана менеджменті секілді бағыттарды қамтыған. Ал гидтерді, MICE-менеджерлерді даярлауда тапшылық бар. Әлемде бұл мамандықтарға сұраныс жоғары», - деді ол.

«Біз тиісті зерттеу жүргізген едік. Қарапайым туристер келген кезде, олар шамамен күніне 200-300 АҚШ доллары сомасында, ал бизнес, MICE-туризм бағытында келетін туристер күніне 1,5 мың доллардан астам қаражат жұмсайды. Сондықтан бұл саланың экономикалық нәтижесі жақсы болады», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар