Елордада колледж студенттері екінші семестрден бастап аралас форматта оқиды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екінші семестрден бастап елордадағы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы 1 курстың 8223 студентін аралас форматта оқыту жоспарланып отыр. Яғни, пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтық режимде оқытылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша колледждердің 100%-ы білім берудің ақпараттық ресурстарында жұмыс істейді.

«Штаттық режимде 15 студенттен аспайтын шағын топтар оқытылады. Бұл ретте аудиторияның толымдылығы 50%-дан аспауы керек. Штаттық режимде практикалық және зертханалық сабақтар (физика, химия, математика және т.б.), қашықтықтан оқыту режимінде - тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, өзін-өзі тану, мәдениеттану, әлеуметтану пәндері бойынша дәріс сабақтары өткізіледі», - деді басқарма басшысы елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өндірістік оқыту және кәсіптік практика, зертханалық жұмыстар және практикалық сабақтар толық немесе ішінара кәсіпорындар базасында немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (мамандықтардың ерекшелігіне байланысты) шағын топтарда қашықтықты сақтай отырып жүргізіледі.

Аралас форматта оқытуды ұйымдастыру кезінде:

- аудиториялық дәрістердің кестесі олардың басталу және аяқталу уақыты көрсетіліп жеке жасалады;

- аудиториядағы дәрістер кемінде 1,5 метр қашықтықты және бетперде режимін сақтай отырып жүргізіледі;

- сабақтар арасындағы үзіліс әрбір топ үшін жеке ұйымдастырылады;

- кітап үлестіру жөніндегі жұмысты қоспағанда, кітапханалардағы оқу залдары жабылады;

- санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау туралы студенттерге, педагогтерге, өндірістік оқыту шеберлеріне, ата-аналарға нұсқаулық жүргізіледі;

- медицина қызметкері күн сайын студенттер мен басқа да қызметкерлердің денсаулығына бақылау жүргізеді.

Басқарма басшысы сонымен қатар студенттерді жатақханадағы орынмен қамтамасыз ету мәселесі қаладағы 2 693 орынға арналған 15 жатақхана есебінен шешілетінін мәлім етті. Орынға мұқтаж 1281 студент жатақханамен қамтамасыз етіледі.


Соңғы жаңалықтар