Елордада көлік аккумуляторын ұрлап жатқан екі тұрғын қолға түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері көліктердің аккумуляторларын ұрлаумен айналысты деген күдікпен екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияға жергілікті тұрғындардан аулаларда тұрған көліктердің аккумуляторларын ұрлап жүрген ұрылардың бар екендігі жөнінде бірнеше мәрте шағым түскен. Ұрлық көбіне түнде және дабыл белгісі жоқ көліктерге жасалып келген.

Елорданың криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Нұр-Сұлтан қаласының екі тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары ұрыларды кезекті қылмыс үстінде қолға түсірді.

Осы уақытта ҚР ҚК-нің «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілп жатыр. Заттай айғақтар алынды. Енді олардың елорда аймағында жасалған осы тектес өзге қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Аталған адамдардың әрекеттерінен зардап шеккендер болса, Бейбітшілік көшесі мекенжайы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне келіп, болмаса 8 (7172) 71-60-24, 71-61-07 және 102 телефондарына хабарласу керек.

Полиция сонымен қатар көлік иелерін мүлікті қорғаудың қарапайым ғана тәсілдерін қолдануға шақырады. Олар: көлікке дабыл белгісін орнату, көлікті күзеті бар, бейнебақылау жүйесі орнатылған арнайы орындарға немесе гаражға қою.



Соңғы жаңалықтар