Елордада көлігін жол бойында қалдыратын жүргізушілерге айыппұл салына бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгіннен бастап елорда аумағында көлігін жол бойында қалдырып кететін жүргізушілерге айыппұл салу басталады. Айыппұл салу қала көшелерін аралап жүретін 2 көліктің ішіне орнатылған арнаулы аппарат арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгіннен бастап елорда аумағында сертификаты бар «Дозор М» автоматтандырылған аппарат жүйесі енгізіледі. Бұл аппараттың көмегімен жол бойында екінші қатарда тұрған көліктерге жол белгілерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы ұйғарым рәсімделеді Мәселен, кейбір жүргізушілер Түркістан көшесі бойы жолында екінші қатарға көліктерін қояды. Немесе көлік қоюға болмайтын белгі тұрғанына қарамастан жүргізушілер көліктерін қалдырып кетеді. Осылайша басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді. Аялдамаларға тоқтайтын көлік иелеріне де айыппұл жазылады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоғжұманов.


Оның атап өтуінше, жаяу жүргішілерге арналған жолаққа да көлігін қойған жүргізушілерге де айыппұл салынатын болады. Айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Әзірше, қала көшелерінде мұндай аппаратпен жабдықталған 2 көлік қатынайды. Алдағы уақытта олардың саны ұлғайтылатын болады. Осы ретте айта кетерлігі, айыппұл қаражатының барлығы қала бюджетіне түседі», - деді полиция подполковингі.


Соңғы жаңалықтар