Елордада көкөніс пен жемісті күн сәулесі мен топырақсыз өсіру технологиясы жасалуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда жылыжайларында өнімділікті арттыру мақсатында агротехникалық зерттеулер жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің ресми сайтының мәліметінше, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің ғалымдары Led system media компаниясының өндіріс алаңында көкөніс пен жемістерді күн сәулесінсіз өсіру технологиясын жасауда.

Өсімдіктер күн сәулесін нанофосформен толтырылған арнайы жарықдиодты шамдармен алмастырады.

«Осы жоба бойынша дипломдық жұмыс жаздық. Қазір ол бойынша магистрлік диссертация жазылуда. Көше шамдарын шығаратын Led system media компаниясы өзінің сипаттамалары бойынша күн сәулесіне жақын шамдарды сынақтан өткізеді. Біз қазір компания жылыжайында өсімдіктер үшін күн сәулесін осы шамдармен толықтай алмастыру жолын іздеудеміз. Біз қазірдің өзінде нәтижеге жақындап қалдық», - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ агротехника университетінің агрономия факультеті ауыл және өсімдік шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы Арысгүл Тұрлыбекова.

Оның айтуынша, бұл әдіс өсімдіктерді күн сәулесі түспейтін бөлмеде өсіруге мүмкіндік береді. Солтүстік аймақтарда күн сәулесінің тапшылығы әсіресе қыста айқын сезіледі. Сәуле шашу спектрі жоғары болғандықтан, шамдар жемістердің өсуі мен жетілуін тездетеді. Олар энергия үнемдеу үшін де барынша тиімді.

Сонымен қатар елорда жылыжайларында дақылдарды топырақсыз өсіру технологиясы зерттеліп жатыр.

«Олар гидропониканы пайдаланады, яғни көкөністер мен жемістер тамшылатып суару әдісімен арнайы субстратта өсіріледі. Ол арқылы өсімдіктер дәруменмен байытылады. Бұл әдістің артықшылықтары - арамшөп болмайды және өсімдік аурулары аз. Мұндай жылыжайларда микроклимат реттеледі. Бұл - көкөніс дақылдарын өсірудің өте жоғары технологиялық тәсілдері», - деп түсіндірді Арысгүл Тұрлыбекова.

Оның айтуынша, осы әдіспен алынған жемістердің сапасы жердегі жылыжайда өсірілгендерден кем түспейді. Алынған өнімнің химиялық құрамы тексеріледі және барлық қажетті стандарттарға сәйкес келеді.

ҚАТУ жобаларына агрономия факультеті ауыл және өсімдік шаруашылығы кафедрасының студенттері де қатысады. Оларға жылыжайда көкөніс пен жеміс өсіру бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.

Студенттер жаңа технологиялармен танысады. Оларға мұндай сабақ үш жыл бойы өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар