Елордада көкөніс бағасын тұрақтандыру тетігі қайта қаралды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев көктемде көкөніс бағасының негізсіз өсуіне жол бермеудің қадамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағаның айтарлықтай өсімі қаңтар-наурыз айларында байқалады. Мұндай жағдай көкөністің барлық түрлеріне қатысты болып тұр. Осы орайда әр өнім бойынша стратегияда шарттың жекелеген түрі мен сатып алудың әдісін қарастырдық. Яғни бағаның күрт өсетін кезеңін ескере отырып, тиісті мерзімде азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін форвард арқылы алдын ала шарттарды бекітеміз», - деді Е. Балтаев қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, бұл мәселе маусымаралық кезеңге қатысты болып тұр.

«Қазіргі кезде берілген қарыз есебінен өткізіліп жатқан азық-түлікке елорданың барлық тұрғыны қол жеткізіп отыр», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сыртқы факторлардың ықпалын азайту үшін елордада азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру тетігі жүзеге асырылып жатыр.

Бұл тұрғыда кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетігі ескерілген. Осы уақытқа дейін 13,1 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, елордада халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік арнайы карта арқылы өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар