Елордада қоғамдық көліктер неліктен 23.00-ге дейін ғана жүреді – компания басшысының жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көліктер неліктен 23.00-ге дейін ғана жүретінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің компанияда қозғалысты 12:30-да да аяқтайтын автобустар бар. Экономикаға қарау керек. 2017 жылы жаңа бағдарларды іске қосқанымыз естеріңізде болар. Пікірлер көп еді. ЭКСПО кезінде қала ішіндегі қозғалыс үдеп кетті. Алайда іс жүзіндегі тәжірибе қоғамдық көлікке түнгі бірде адамдар өте сирек отыратынын көрсетті. Парк қып-қызыл шығынға жұмыс істеуі мүмкін», - деді Бекмырза Игенбердинов «Елордадағы қоғамдық көлік кешенін дамыту: кеше, бүгін, ертең» атты көрме-конференциясында.

Компания басшысының айтуына қарағанда, бірнеше адамды ғана қоғамдық көлікпен алып жүру ешқандай табыс әкелмейді.

«Тиісінше бірқатар бағдардың түнгі 24:00 немесе бірге дейін қозғалыс уақытын ұзарту туралы айтып берейін. Аудан әкімдіктерімен бұл бағытта талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кестені қосу керектігін түсінеміз. Егер белгілі бір автобус қозғалысты түнгі 23.00-де тоқтатып тастаса, дегенмен ол бағдарға сұраныс болса қосымша кесте қосу туралы мәселені көтеріп, түнгі 00.15 уақытына дейін автобустар жүретіндей тәртіп енгізу туралы айта аламыз», - деді спикер.

Сонымен қатар Бекмырза Игенбердинов қазіргі уақытта жүргізушілердің жетіспей жатқанын айтады.

«Үш ауысымды жұмыс тәртібі туралы айтар болсақ, 700-ге тарта жүргізуші жетіспейді. Проблеманың ауқымы үлкен. Кейінгі 10 жылда мамандандырылған D санатындағы жүргізушілерді даярлау форматын жоғалтып алдық. Осыдан барып кәсіби жүргізушілерді табу қиынға түсіп барады. Біліктілік орталығынан көптеген адам келіп жатқанымен көбі қарапайым ғана ережелер бойынша сыннан өте алмай жатыр. Басқа қалалардан келетін кәсіби мамандар бар десек те, олардың көбінің ыңғайына біздің трафик келе бермейді. Себебі көбі өз қаласындағы тыныш режімге үйреніп қалған», - дейді ол.

Бекмырза Игенбердинов 2022 жылға қарай автобус парктері жаңарту үшін 500-ге тарта автобустың керектігін айтып өтті.


Соңғы жаңалықтар