Елордада қоғамдық көлікке қатысты 80 мыңнан аса шағым түскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас қалада қоғамдық көлік қозғалысының жиі бұзылатындығы анықталып отыр, атап айтқанда жыл басынан бері тұрғындардан 82 мың шағым келіп түскен. Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдік аппаратының отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың басынан бері 82 мың шағым келіп түскен, оның ішінде жол жүру кестесін сақтамау, экипаждың дұрыс емес әрекеті, аялдамадан өтіп кету және тағы басқа кемшіліктер айтылған. Бұл динамика қыркүйек айынан бері өсіп келеді, бірақ 7 айдың ішінде ешқандай өзгеріс байқалмай отыр. Өткен жылы қоғамдық көліктің қатысуымен 312 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан 372 адам жарақат алды. Ал биыл жыл басынан бері 54 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 88 адам зардап шекті, өкінішке қарай 2 өлім жағдайы тіркелді. Ол - өткен аптада орын алған оқиға, оны бәріңіз білесіздер», - деді Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде Астана LRT компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталып өтті.

«Қоғамдық көліктегі қауіпсіздік мәселесі бүгінде басты назарда, бұл мақсатта арнайы комиссия да құрылды. 26 наурыздан бастап қаладағы барлық автобустар техникалық, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтуде. Сондай-ақ, автобустардың жол жүру регламенттері қайта қаралып, тиісті ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, автобус жүргізушілерінің медициналық тексеруден өту мерзімін 1 жылдан 6 айға дейін қысқарту, сол сияқты қоғамдық көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылы түрлі бағыттағы 24 іс-шара өткізгелі отырмыз. Одан бөлек, барлық парктің автобус жүргізушілері мен кондукторлары туралы персоналды талдау жасалды», - деді ол.

Астана LRT басшысының дерегіне сүйенсек, бүгінде қала парктерінде 1156 автобус бар, оның 800-ден астамы күнделікті желіге шығады. Одан бөлек, 156 автобус жөндеуде тұр.

Сөз соңында шаһар басшысы құзырлы органдарға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар