Елордада «Кітап оқып, рухани бай бол!» қалалық байқауы өтіп жатыр
Абайдың шығармаларын кеңінен таратуды мақсат еткен байқау ІІ кезеңнен тұрады.
«Бұл - қалалық, облыстық көлемде өтіп жатқан ауқымды жоба. Байқауда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылады. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне талап қойылған жоқ. Ең кішкентай қатысушы - үшінші сынып оқушысы болса, ең үлкені - зейнеткер», - дейді әділқазы мүшесі Айшат Жуасбаева.
Аталған байқаудың І кезеңінде кітапсүйер қауым желтоқсан-қаңтар айлары аралығында өздерінің сүйікті кітаптарынан үзінділер оқып, әлеуметтік желілерге жүктеді. Отандық және шетелдік ақын, жазушылардың туындыларын оқып, жүзден жүйрік шыққан 10 қатысушы екінші кезеңге жолдама алған.
«Абай - ұлттың паспорты. Абайдың айтқан сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жазған «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар биыл ғана емес, «Рухани жаңғыру» аясында қайта-қайта оқып, зерттеуіміз керек екенін айтты. Рухани жаңғыру деген - бір нәрсе ойлап табу емес, бар құндылықтарымызды ұлттың рухани санасында қайта жаңғырту. Білім, өнер, музыка ұлтқа бөлінбейді. Абай әлем алыптарымен қатар тұратын тұлға, демек сіздер әлемдік деңгейдегі тұлғаны оқып жатырсыздар», - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова.
ІІ кезеңде байқау қатысушылары Абай Құнанбайұлының өнері мен шығармашылығына қатысты жасалған викторинада бақ сынасатын болады.