Елордада кезекші сыныпта қанша бала білім алуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, біз биылғы оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастадық. Сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын санитарлық ережелерді сақтай отырып, 1-4 сыныптар үшін кезекші сыныптар жұмысы ұйымдастырылды. Барлығы 3011 кезекші сыныбы жұмыс істеуде, онда 40 400 бала білім алуда», - деп нақтылады Б. Сматаева баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол кезекші сыныптардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылатынын атап өтті. Ата-аналар балаларын мектептің есік алдына дейін алып келіп, сабақ аяқталғаннан кейін де сыртқы есік алдынан алып кетеді. Яғни, ата-аналар мектепке кірмейді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін мектептерде арнайы белгілер қойылған. Кабинеттер әр сабақтан соң желдетіліп, кварц қосылады.

«Әрине, қашықтан оқыту кезінде оқушыларды компьютерлерлік техникамен қамтамасыз ету маңызды.

Бұған дейін үздіксіз білім беру үдерісін қамтамасыз ету мақсатында мектеп қорынан оқушылар мен мұғалімдер 9 700 компьютерлік техникамен, 22 600 роутермен қамтамасыз етілген болатын. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қосымша 8000 дана компьютерлік техника сатып алынды. Осылайша, бірінші кезекте компьютерлік техникамен жетім балалар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ басқа да компьютерге мұқтаж балалар қамтамасыз етілді», - деді Бағлан Сматаева.


Соңғы жаңалықтар