+7 (701) 759 90 19
USD 435.76 EUR 493.41
RUB 5.89 CNY 68.37
Jańalyqtar

Елордада Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш орнатылды

2021 жылғы 16 қазан 18:10
Бөлісіңіз:
Елордада Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш орнатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы ескерткіші орнатылды. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Жас Батыр» спорт кешеніне «Қажымұқан» атауы берілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Мәдениет министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ескерткіш Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат-колледжі аумағында орнатылды.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен бірқатар спорт және қоғам қайраткері қатысты.

Ескерткіштің ашылуында сөз алған Ақтоты Райымқұлова күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын атап өтуге еліміздің барлық өңірі бір кісідей жұмылып, ерекше атсалысып жатқанын атап өтті.

«Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол бүкіл ғұмырын күрес өнеріне арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Талай белдесуде атышулы қарсыласынан айласын асырып, көзі тірісінде ерлігі аңызға айналып үлгерді. Орасан күштің иесі болған балуан бабамыз, күрестің бірнеше түрінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Жыл басында Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілікке есте қалдыру мақсатында арнайы Жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспары əзірленді. Кешенді жоспарға сəйкес көптеген мәдени, спорттық-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шара өткізіліп келеді. Бұл қатарда арнайы пошта маркалары шығарылғанын, «Қажымұқан» көркем фильмінің түсірілгенін айтуға болады. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінде марафондар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық ашық сабақтар, бірнеше халықаралық конференция, турнирлер мен басқа да іс-шаралар өткізілді.

Бүгін ер есімін ұлықтауға арналған сондай іс-шараның бірінде бас қосып тұрмыз. Елорда төрінде күш атасы Қажымұқан бабамыздың ескерткішін салтанатты түрде ашқалы жатырмыз. Сіздермен бірге осы абыройлы іс-шараның басы-қасында болу мен үшін зор мәртебе деп санаймын. Сонымен қатар қаламыздағы «Жас батыр» спорт кешені бұдан былай «Қажымұқан» спорт кешені деп аталады. Бұл іс-шаралар балуанға көрсетілген тағзымның шағын да болса, маңызды көрінісі. Алдағы уақытта да аңыз адамның рухын асқақтатып, ерлігін келер ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз болып қала береді»,-деді министр.

Айта кетейік, ескерткіштің жалпы биіктігі 5,7 метр (тұғыры - 2,2 метр, мүсін 3,5 метр). Авторлары – Жалын Бауырқан, Болатбек Салаев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT