Елордада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай ескерткіші бой көтерді

None
None
СТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өтті.

Шараға ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ұлы ақын ескерткішінін алдына гүл дестесін қойды. Осыдан кейін ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман классигіміз Абайға тағзым ету біз үшін аса жоғары мәртебе екендігін баса айтты.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген ұлы ақынның жиені, Абай қорының директоры Балтабек Ерсәлімов, «Абай қазақ халқының көсемі, қазақ халқының бет-бейнесі, қазақ халқының төлқұжаты. Бүгінгі егемен еліміздің бүкіл идеологиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек», деген пікірін алға тартты. Сонымен қатар ол ескерткіш көңілінен шыққандығын айтып, «нағыз Абай атамды өзінің халқыменен бірге келе жатқанын көргендей әсер де болдым», дейді.

Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның еңселі ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі - 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі - 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы - 10 тонна. Ескерткіш авторы - алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Астана әкімдігінің таратқан ақпаратқа сәйкес, ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар