Елордада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті

None
None
sp;АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдени іс-шараға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ғарифолла Құрманғалиевтің ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ерен құбылысы болғандығын атап өтті. Орындаушылық өнері бүкіл Қазақстан үшін үлгі болған Ғарифолла Құрманғалиев «екінші Мұхит» атанып, өз өлкесінің халық әндері мен термелерін нақышына келтіре орындады. Ғ.Құрманғалиевтің кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты қыз» сияқты халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол керемет концерттік орындаушы және опералық әнші ретінде өз өнерімен қазақ мәдениетінде өшпестей із қалдырды. Оның сахналық өмірінің көбі гастрольдік сапарларда өтіп, барлық жерде табыстан-табысқа жетті. Гастрольдік сапармен Мәскеу, Ленинград, Киев, Ташкент, Ашхабад, Фрунзе қалаларында болып, тыңдарманның зор қошеметіне бөленді. Әншінің аңызға бергісіз үні Қытай, Пәкістан, Иран, Германия, Италия елдерінде шарықтады.

Опера сахнасында Ғарифолла Құрманғалиев жиырмадан астам партиялар орындады. Қуатты да айқын даусы, таңқалдырарлық актерлік өнері әншіге ұлттық операдағы «Қыз Жібектегі» Шеге ақынның, «Ер Тарғындағы» Сақан батыр мен жыраудың, «Біржан - Сарадағы» Естайдың, «Дударайдағы» молданың, «Абайдағы» Нарымбеттің, сонымен қатар шетелдік операда «Даисидегі» Титоның, «Евгений Онегиндегі» Трикенің партияларын орындады. Ол сонымен қатар халық сүйіп айтатын көптеген тамаша әндердің де авторы.

Аталған кешті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген Ғарифолла Құрманғалиев  1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1967 жылдан Алматы эстрада және цирк өнері коледжінде ұстаздық еткен. Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілінің есімі филармонияға, Алматы қаласындағы бір көшеге беріліп, өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық ескерткіш тақта орнатылған. Туған жері - Қаратөбе ауданында әншіге ескерткіш орнатылды. Бірнеше ордендермен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар