Елордада Қазақстан суретшілерінің көрмесі ашылады

None
None
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат - Маусымның 25-інде елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығының мұражайында Қазақстан суретшілерінің көрмесі ашылады. Бұл ақпаратты аталған орталықтың баспасөз қызметі таратып отыр.

«ҚР Президенттік мәдениет орталағы қала күні қарсаңында игі шаралар өткізуді жыл сайын дәстүрге айналдырған. Ағымдағы жылы да орталық қала тұрғындары мен қонақтарына бейнелеу және қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалау мүмкіндігін сыйлағалы отыр. Көрмеге Қазақстан суретшілерінің азат елдің дамуы мен ұлттың мәдениеті жайлы шығармалары енгізілді. Келушілер бейнелеу өнерінде буыны қатып үлгірмеген жас суретшілер мен өз ісінің хас шеберлерінің ұлттық тақырыптағы еңбектерімен таныса алады», делінген баспасөз хабарламасында.

ҚР Мәдениет министрлігі, Президенттік мәдениет орталығы және Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастырғалы отырған мәдени іс-шара «Кескіндеме», «Мүсін», «Графика», «Тоқыма», «Зергерлік бұйымдар» атты бөлімдерден тұрады. Келушілер назарына бейнелеу және қолданбалы өнер жанрының әр түрлі бағытымен жұмыс істейтін 72 суретшінің 140-тан астам шығармалары ұсынылады.

А.Дүзелханның «Астана», Н.Қарымсақовтың «Саңырық батыр», А.Абдрашитовтың «Натюрморт», Т.Әбуовтың «Өмір-өзен», К.Ақашевтың «Іңірде», Т.Асылбековтың «Бақсы» атты кескіндеме жанрындағы туындылары, К. Бекеновтың «Арал», Ж.Кошеннің «Тұрмыстық натюрморт», Б.Наймановтың «Дала қыраны», М.Сыздықовтың «Бақыт құсы» атты графикалық туындылары; сондай-ақ М.Айнековтың «Бақыт», «Шәкәрім», Г.Ахметовтың «Құрманғазы», А.Жұмабайдың «Көшпенділер», «Ахмет Яссауи», «Қазақ қызы», Б.Құсайыновтың «Домалақ ана», «Ұмай», Б.Мұхамеджановтың «Өмір» атты мүсіндері; декоративті-қолданбалы өнер туындыларынан А.Бапановтың «Көшпенділер 1» «Көшпенділер 2», «Жұмақ ағаш», М.Мұқанов пен А.Жамханның «Реңкті дала», Б.Түлешеваның «Ойын» гобелендері; С.Башировтың «Пышақ», «Толқын», А.Мұқажановтың «Күлтегін» алқасы, «Пазырық» білезігі көрермендердің ықыласына бөленетіндігіне күмән жоқ.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Мәдениет министрлігі, елшіліктер өкілдері, Астана және Алматы қаласының суретшілері, Астана қаласы мұражайларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар