Елордада қайырымдылық турнирiнен түскен қаражат Арыс тұрғындарына аударылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұқаралық спортты насихаттау мақсатында қайырымдылыққа бағытталған шағын футболдан дәстүрлі қалалық турнир өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға әрі қиналғанның мұң-мұқтажын бөлісуге шақыруды мақсат еткен турнир №76 мектеп-лицейінің жасыл алаңында өтсе, оған руханият-қоғам өкілдерінен құралған 8 команда қатысты.

«Қатысушы командалардың жарнасы, оған қоса «Ел-Несібе» қайырымдылық қоры мен жекелеген азаматтардың көмегімен барлығы 154000 теңге жиналып, Арыс қаласында тұратын екі отбасыға теңдей бөліп жіберілді. Бұған дейін өткен турнирлерден түскен қаражат елордалық әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға табысталған болатын. Бұл жолы баршамызды алаңдатқан Арыстағы жағдайға байланысты сол өңірдің тұрғындарына аз да болса жәрдемімізді тигізсек деген ниетпен осылай шештік. Атап айтқанда, үйіне снаряд түсіп, баспанасы түгелдей жанып кеткен Қарлығаш Байегізова мен өзі және екі ұлына снаряд тиіп, ауыр жарақаттанған Нұрлан Рахимовтың отбасына турнирден түскен қаржыны аудардық. Қайырымдылық турниріне атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз», - дейді ұйымдастырушылардың бірі Қолғанат Мақатұлы.

Ал турнир қорытындысына келсек, қарсылас шақ келтірмеген «Тұран» командасы «Руханият» КММ ауыспалы кубогына ие болса, оларға финалда жол берген «Силикатный» командасы екінші орынды місе тұтты. Жартылай финалда сүрінген турнир ұйымдастырушылары «Руханият» пен «Егемен Қазақстан» командалары өзара 3-орынды сарапқа салып, нәтижесінде «Егемен Қазақстан» командасы жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар