Елордада қауіпсіздігі төмен колонияда жазасын өтеушілер 100% жұмыспен қамтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы қауіпсіздігі төмен режимдегі қоныс колониясында 300-ге жуық азамат жазасын өтеп жатыр және олардың барлығы еңбекпен қамтылған.

Бұл туралы аталған мекеменің сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, әділет майоры Айгүл Дауытова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 119 бабына сай сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі қарастырылған. Оған сәйкес біз оларды жұмыспен қамтимыз. Сотталғандарға жұмысты мемлекеттік және жеке мекемелер ұсынады. Яғни кейбірінің жұмысы қала ішінде болса, кейбірі өнеркәсіптік аймақта еңбектеніп жатыр. Қазіргі уақытта біздің мекемеде 297 сотталған азамат жазасын өтеп жатыр және осы аталған барлық азаматтар жұмыспен қамтылған. Олардың арасында аула тазалаушы, аспаз, автомеханик, тігінші, еден жуушы, бағбан секілді мамандар бар. Сондай-ақ, өнеркәсіп аймағында жол жүру ережесі белгілерін жасап шығаратын ЖШС жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, арнайы киімдер шығаратын тігін цехы мен техникалық байқау станциясы (СТО) жұмыс істейді», - деді Айгүл Дауытова.

Оның айтуынша, сотталған азаматтардың жұмысқа ынтасы жоғары.

«Отбасылы жандар жұмыс істеп үй ішіне көмектескісі келеді. Кейбірінің несиесі бар, оны төлеу керек. Жалпы еңбектенем деген жанға бізде жұмыс табылады. Сол сияқты бірқатар жұмыс орындары қаланың ішінде орналасқан. Күнделікті таңертең жұмыс беруші алып кетіп, кешке алып келеді. Әрине, өз тарапымыздан жұмысшыларды қадағалап, тексеріп тұрамыз. Сондай-ақ, бізге келіп жұмысшы іздеп жатқан мекемелердің қатары көп. Дені құрылыс және құрылыс компаниялары», - дейді ол.

Еңбекпен қамту бөлімі басшысының айтуынша, аталған колонияда негізінен жол-көлік оқиғасына кінәлі және ұрлық жасағандар жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін аталған мекемеде жазасын өтеушілер жылыжайда қияр өсіріп, апта сайын 100 келі өнім алып отырғаны туралы хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар