Елордада қате жазылған көше жарнамалары тексеріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолға алуымен «Тіл тазалығы - баршаға ортақ іс» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

«Акцияның негізгі мақсаты - тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалау, заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін өсіру, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателердің алдын алу», - деді әкімдіктен.

Мәлім етілгендей, биылғы сәуір-мамыр айларында қаланың 68 көшесі мен 14 даңғылында орналасқан шағын және орта бизнес субьектілерінің жарнама мәтіндері тексерілді. Кәсіп иелеріне заңнама талаптары түсіндіріліп, кемшіліктер түзетілді.

«Рұқсатсыз орналастырылған 400-ден астам жарнама алынып тасталды. Ұйымдастырушылар акцияның аралық қорытындысын «дөңгелек үстел» отырысында жариялайды. Оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы, қалалық кәсіпкерлер палатасы, «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының әкімдіктері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары және тағы басқа мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен арнайы шақырылған дәріскерлер қатысады», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар